Астанада үлескерлерді алдаған тағы бір құрылысшы тұтқындалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада үлескерлерді алдаған тағы бір құрылысшы тұтқындалды.

Астанада үлескерлерді алдаған тағы бір құрылысшы тұтқындалды

Бұл туралы бүгін Астана қалалық ІІД Тергеу басқармасы бастығының орынбасары Асылжан Қалдарбеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Құрылысшы тұтқындалды. 5 қазан күні Данияр Ахмедияровқа қатысты тұтқындау шарасы қолданылды. Ол сот санкциясымен ұсталды. Тергеу амалдары жүргізілуде. Оған «Алаяқтық» және «Қаржы жымқыру» баптары бойынша айыптар тағылып отыр. Қазіргі уақытта біз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы оның әрекетінен зардап шеккен қалған үлескерлерді тапқымыз келеді», - деді Қалдарбеков.

Оның айтуынша, қозғалған қылмыстық іс өте күрделі. Өйткені, айналымда үлкен мөлшердегі ақша қаражаты болғандықтан, аудиторлық тексеру жүргізу қажет.

«Бұған қоса, ақылы негізде құрылысты өлшеу жүргізіледі. Осы жайттарға байланысты мұндай істерді тергеу ұзаққа созылады», - деп түсіндірді ол.

Сонымен қатар, басқарма бастығының орынбасары жыл басынан бері ішкі істер департаментінің өндірісінде алаяқ құрылысшыларға қатысты 11 қылмыстық іс бар екендігін, оның 4-еуі сотқа жіберілсе, қалған 7-еуі бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатқандығын айтты.