Астанада үлескерлердің ақшасын жеген тағы бір кәсіпкер тұтқындалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада үлескерлердің миллиондарын жинап алып, үйсіз қалдырған кәсіпкерлер әлі тұтқындалып жатыр. Полиция тағы бір бизнесменнің қолына кісен салып, қапасқа қамады.
Қамауға алынған «Хазірет» тұрғын үй кешенін салуға қатысы болған Багаев есімді азамат, деп хабарлайды.ktk.kz.
Бұған дейін оның директоры - «Шейх Каз Инвест" серіктестігінің құрылтайшысы Ольга Шнайдер тұтқындалған еді. Тергеу материалдарына сүйенсек, Шнайдер сыбайластарымен бірге жүздеген үлескерден жиналған жарты миллиард теңгені қалтаға басқан. Айта кетсек, Астанада үй саламыз деп алдап мыңдаған тұрғынды тақырға отырғызған кәсіпкерлер біраздан бері тұтқындалып жатыр. «Әл-Баракат», «Капиталстройсервис» компаниясының жетекшілері де қамауда соттың басталуын күтуде. Бірақ ұстатпай жүргендер де бар. Мәселен, жұрттан 27 миллиард теңге жинап алған экс-депутат, «Азбука жильяның» басшысы Ерқанат Тайжанов Австрияда бой тасалап жүр.