Астанада «Ұлт аспаптар әлеміне саяхат» атты танымдық лекция-концерт өтті
АСТАНА. KAZINFORM – Астанадағы Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның камералық залында «Сарыарқа» халық музыка ансамблінің «Ұлт аспаптар әлеміне саяхат» атты танымдық лекция-концерті өтті.

Ерекше мәдени шара барысында көрермендер қазақ ұлттық музыкасының терең тарихымен және ұлт аспаптарының бай әлемімен танысты.
- Бұл шараның негізгі мақсаты - халқымыздың дәстүрлі музыкалық мұрасын дәріптеп, жас ұрпақтың ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттыру. Бүгінгі келген қонақтарымыздың көбі жасөспірімдер. Оларға біз қобыз, домбыра, сыбызғы, сырнай, жетіген, шаңқобыз сынды аспаптардың жасалуы мен дыбысталуы жайлы қызықты мәліметтер ұсындық. Қазақ ұлттық аспаптарының шығу тарихы мен ерекшеліктерін таныстырып, аспаптардың үрлемелі, ұрмалы, сілкімелі, ысқышты, ішекті, шертпелі болып бөлінетінін түсіндірдік. Ұлттық музыка өнерінің тәрбиелік мәні мен жас буын үшін маңыздылығын айттық. Келесі өтетін танымдық лекция-концертімізде жауынгерлік мақсатта қолданылған аспаптарды да қосып таныстырсақ деп ойлап отырмыз, - деді «Сарыарқа» халық музыка ансамблінің көркемдік жетекшісі, композитор, домбырашы Тоғжан Жахин.

Көрерменмен еркін сұхбат түрінде өткен бұл концерт кішкентай тыңдармандардың музыкалық таным көкжиегін кеңейтіп, олардың бойында ұлттық рух пен мәдени мұраға деген құрметті арттыра түсті. Балалар сахнаға шығып түрлі ұлттық аспаптарды қолдарына ұстап, танысып, ойнап көрді. Сондай-ақ, ансамбльдің кәсіби музыканттары әртүрлі аспаптармен дәстүрлі әуендерді жоғары деңгейде орындап шықты. «Ұлт аспаптар əлеміне саяхат» лекция-концерті көрерменге ұлттық музыканың тереңдігі мен мəдени мұрамыздың байлығын сезінуге мүмкіндік берді.


Еске сала кетейік, бұған дейін «Оғыз далалық мәдениетінің іздері» атты халықаралық көрме өткені туралы жазғанбыз.