Елордада ұлттық музыка мен әлем классикасының туындылары шырқалды
АСТАНА.KAZINFORM - Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрінің «Жаңа Әлем» концерті өтті.
Концертте қазақ композиторларының таңдаулы туындылары мен әлем классикасының жауһар шығармалары орындалды. Ахмет Жұбановтың туғанына 120 жыл толуына орай Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсындағы би сюитасы көпшілікке ұсынылды.
Мәдениет және ақпарат министрлігі мәліметінше, сондай-ақ кеш барысында Эдвард Григтің «Пер Гюнт» сюитасының бірінші бөлімі мен Антонин Дворжактың әйгілі №9 «Жаңа әлем» симфониясы шырқалды.
Концерт ұлттық музыканың бай мұрасын насихаттауға, тыңдарман талғамын өсіруге және әлем классикасының үздік шығармаларын көпшілікке таныстыруға бағытталды. Мұндай кештер еліміздегі симфониялық музыканың дамуына ықпал етеді.
Айта кетейік, Ұлттық ұлан алғаш рет жасанды интеллект қолданылған концерт өткізді.