Астанада Ұлттық академиялық кітапханада «Тыңға 60 жыл» көрмесі ашылды
Көрмеге ҚР Президентінің мұрағатында сақтаулы тұрған Қазақстандағы тың және тыңайған жерлерді игерудің негізгі кезеңдері туралы қызықты құжаттар мен материалдар қойылған. Көптеген құжаттар алғаш рет осы көрмеден орын алды. Сонымен қатар ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы қорындағы аталмыш тақырыпқа қатысты кітаптар, журналдар, газеттер көпшілікке ұсынылып отыр.
Көрме 6 бөлімнен тұрады, тың және тыңайған жерлерді игерудің бастауына негіз болған оқиғалардан алынған материалдар (КОКП ОК-нің пленум материалдары, «Мемлекеттегі астық өндірісін одан әрі арттыру мен тың және тыңайған жерлерді игеру туралы» КОКП ОК-нің және Қазақстан Компартиясының ОК-нің (1954 ж.) қаулылары; Қазақстанның тың игеру эпопеясының алғашқы толық талдауы, КСРО одақтық республикаларындағы азаматтарының тың игеруге жіберілуі туралы, қоныс аударушылардың тұрмыстық жағдайлары мен алғашқы тың игерушілердің алдында кездескен қиындықтары туралы (фотосуреттері) арыздары, Қазақстанның алғашқы миллиард пұт астығы (1956 ж.), жастардың бүкілхалықтық іске жұмылуы,тың игеру өлкесіне бірінші басшылардың, жазушылардың, қоғам және мәдениет қайраткерлерінің келуі, тың игерушілердің тұрмыс мәселелері, кездескен қиыншылықтары туралы құжаттар мен материалдар берілген.
Тың туралы құжаттар тек қана жоғары өнім туралы партия комитеттерінің қуанарлықтай есептері ғана емес. Ол - тың аймақтарында экологиялық апаттылықтың шегіне жетуі, дала ландшафтының жойылуы, егінжайдың ластануы, топырақтың жел эрозиясына ұшырауы, агротехниканың сақталмауы, тың дәуірнамасын ұйымдастырудағы салмақты қателіктер мен жаңылыс есептеулердің жіберілгенінің куәсі.