Астанада ұлттық құндылықтар би өнері арқылы дәріптелді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін елордада «Наз» мемлекеттік би театры қала тұрғындары мен қонақтарына «Республикам - Қазақстан!» атты мерекелік концертін ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астанада ұлттық құндылықтар би өнері арқылы дәріптелді

Шара бас шаһардағы «Наз» театрының ғимаратында өтті. Концерт Республика күні мерекесіне орайластырылған.

Аталған театрдың көркемдік жетекшісі, балетмейстер Қадиша Ағымбаеваның айтуынша, биыл мерекеге ұлттық мәртебенің берілуі елдікті айғақтай түседі.

«Бүгін біз Астана тұрғындары мен «Наз» театрының гастрольдік сапарлары, жаңа шығармалары және бағытын бақылап отыратын көрерменіміз үшін осындай бағдарламаны ұсындық. Концертті көруге қаламыздың түкпір-түкпірінде тұратын адамдар келіп отыр. Кезінде өзіміз де осы мерекеде түрлі шараларда биледік. Үлкен алаңда концерттер өтетін еді. Бірақ 2009 жылдан кейін бұл мереке ұмытылды. Дегенмен араға жылдар салып, ұлттық мерекеміз қайта жаңғырып жатыр. Оған біз өте қуанамыз. Себебі егемендігі, әнұраны, көк туы бар ел, республика ретінде біздің осындай мерекеміз болуы керек. Бұл елдігімізді айғақтайды деп білемін», - дейді Қадиша Ағымбаева.

Мерекелік концерт барысында түрлі қойылым көрермен назарына ұсынылды. Оның басым бөлігі ұлттық тәрбие, тарих пен салт-дәстүрге негізделген.

«Біз биге міндетті түрде өзіміздің салт-дәстүр элементтерін қосамыз. Көбі биді түсіне бермейді ғой. Сол түсінікті болуы үшін, өмірден алынған дүние екенін көрсету мақсатында тәрбиелік мәнге көп көңіл бөлеміз. Сондықтан осы концерт барысында «Бесікке салу», «Тұсау кесер», «Беташар» және «Қыз қуу» сияқты дәстүрлеріміз көрсетілді. Әрине, осыларды біз бидің тілімен ұсынамыз. Осындай элементтері көргенде адамның ойына ауыл, тарих, ұлттық рух оралатыны сөзсіз. Біздің де мақсат осы», - дейді Қадиша Ағымбаева.

Би ұжымының өнерін тамашалауға 100-ден аса көрермен келді. Соның бірі – елордалық Майра Бекенова.

Ол құндылықтарды би арқылы насихаттау - жастар тәрбиесінде үлкен маңызға ие екенін атап өтті.

«Осы концертке кегеніме өте қуаныштымын. Республика күні құтты болсын! «Наз» мемлекеттік би театрының бишілері - нағыз кәсіби мамандар. Олардың әр концертіне баруға, қатысуға тырысамын. Біздің қаншама дәстүріміз, салтымыз бар. Сол дәстүрлерді әртістер бидің тілімен жіткізіп отыр. Оны көрермен ретінде мен түсіне білдім. Осындай қойылымдармен құндылықтарымызды насихаттасақ, ертең ол жастарымыздың санасында қалады деген сенімдемін», - деп пікір білдірді Астана қаласының тұрғыны Майра Бекенова.