Астанада ұлттық нақыштағы мұсылман киімдерінің байқауы өтеді
АСТАНА. 14 маусым. ҚазАқпарат - Астанада ұлттық нақыштағы мұсылман киімдерінің байқауы өтеді.
"Бұл шара Қазақстанның Ислам конференциясы ұйымына төрағалығының қарсаңында ағымдағы жылы 27 маусымда елордадағы Президенттік мәдениет орталығында «Мұсылман киімі - ұлттық айшықта» деген атаумен өткелі отыр", - деп хабарлады Мәдениет министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитетінен.
Қазақстан мұсылман әйелдерінің киім үлгісінде ұлттық стиль мен нақышты жандандыруды мақсат етіп отырған бұл байқауға Қазақстаннан, таяу және шалғай шет елдерден 15-тен астам модельер мен кутюрье сайысқа түседі.
Ұйымдастырушы - әйелдерге арналған "SalNur" журналы, ал қолдау көрсетушілер: Астана қаласының әкімшілігі, ҚР Қажылар қауымдастығы, ҚР Мәдениет пен діндер орталығы, «Ақ орда» республикалық қозғалысы, «Талант» арт орталығы.