Астанада ұлттық спорт түрлері федерацияларының республикалық кеңесі өтеді
АЛМАТЫ. Қарашаның 12-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Астанада қарашаның 13-14-і күндері ұлттық спорт түрлері федерацияларының республикалық кеңесі өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Ұлттық штаттық командалар және спорт резерві дирекциясына сілтеме жасап.
Оны Туризм және спорт министрлігі Ұлттық спорт түрлері қауымдастығымен бірлесіп өткізбек. Оған көкбөрі (көкпар), бүркітші (қыран құспен аң аулау), аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу және тағы басқа да ұлттық спорт түрлері бойынша құрылған федерациялардың өкілдері қатыспақ. Екі күндік алқалы жиынға республикалық маңызы бар Астана, Алматы қалалары мен 16 облыстан делегаттар шақырылып отыр. Ұлттық спорт түрлерінен мемлекеттік бапкер Марат Манабаевтың айтуынша, онда 2010 жылғы жарыстар күнтізбесі бекітіліп, федерациялар алдында тұрған өзекті мәселелер жан-жақты талқыланбақ.
Жалпы республикалық бұл кеңес дәстүрлі түрде жыл сайын өтетін шара.