Астанада ұлттық спорт түрлерінен Қазақстан чемпионаттары өтеді

АЛМАТЫ. Маусымның 5-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Астанада маусымның 7-13-і күндері "Қазанат" ипподромында - "Көкпар", "Аударыспақ", "Теңге алу" мен "Қыз қуудан" Қазақстан чемпионаттары , ал "Сайыс" бойынша республикалық турнир өтеді,

Астанада ұлттық спорт түрлерінен Қазақстан чемпионаттары өтеді

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл байрақты доданы «Көкбөрі» Қазақстан көкпаршылары қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырып отыр. Бірлестік Қазақстан чемпионатын ересектер арасында 2001 жылдан, жастар арасында (16-20 жас) 2005 жылдан бастап өткізіп келе жатыр. Биыл Қазақстан чемпионаты көкпар мен аударыспақтан - оныншы, теңге алу мен қыз қуудан - төртінші рет өткізіледі. Қазіргі уақытта бұл бәсекеге 11 облыстық, 2 қалалық құрама команда өздерінің қатысатындықтарын растады.

Жалпы ҚР Ұлттык спорт түрлері қауымдастығы 2004 жылы мамырдың 15-інде құрылған болатын. Бүгінгі таңда оның құрамында 15 федерация және 3 халықаралық қор бар. Олар: ҚР Ұлттық ат спорты федерациясы, «Бүркітшілер», «Көкпар», «Жекпе-жек», «Қазақша күрес», «Қыз қуу», «Сайыс-аударыспақ», «Бес қару», «Алыпсоқ», «Тазы-төбет - Алабай» федерациялары. Ал «Көкбөрі» Қазақстан көкпаршылар қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі 2000 жылы Қазақстан Республикасының II Атшылар съезінің тапсырмасымен құрылды. Осы жылы «Кок Бору» халықаралық федерациясы құрылды. Құрылтайшысы - республикалық федерациялар. Оған бастапқыда Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан енген болатын. Кейінірек олардың қатарына Ауғанстан, Ресей, Қытай, Жапония мемлекеттік қауымдастықтары және 8 жуық ел бақылаушы ретінде қатысушы құрамына кірді. Қазақстанның көкпаршылар құрамасы Орталық Азияның 8-10 елі қатысатын жыл сайынғы ҚР Президентінің кубогы мен Халықаралық турнирде 3 дүркін чемпион болды.