Астанада Ұлы Дала сазы әуеледі
АСТАНА. 14 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгінде Астана қаласы түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланғаны белгілі. Осы шара аясында өткізіліп жатқан бүгінгі фестивальдің тек қазақ мәдениеті емес, күллі түркі мәдениетіне тигізер пайдасы мол.
Бұл туралы бүгін Астанада К. Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында өткен «Ұлы Дала сазы» дәстүрлі орындаушылардың халықаралық фестивалінің ашылу салтанатында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай мәлім етті.
«Кеше ғана ТҮРІКСОЙ-ға мүшелердің ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиялары мен комитеттерінің үшінші кеңесі өтті. Онда да түркі халықтарының мәдениеті жөніндегі мәселелер талқыланды. Мұның бәрін айтып отырған себебім, шын мәнінде Қазақстанның мәдениетіне, түрк мәдениетіне әлемнің назары ауып, үлкен қызығушылық таныта бастады. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев қазақ өнерін, оның ішінде дәстүрлі өнерді дамытуға көп көңіл бөліп келе жатыр. Сол бастаманы біз одан әрі дамытуға міндеттіміз. Түркі жұртын біріктіріп отырған осындай өнер сайыстары көбейе берсін деген тілек айтқым келеді», - деді министр.
Екі жылда бір рет өткізіліп келе жатқан дәстүрлі фестивальді ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі «Қазақстан халқының рухани даму қоры» АҚ-ның қолдауымен ұйымдастырып отыр. Шараның мақсаты әлемдік музыка өнеріне айтарлықтай үлес қосқан қазақ және түркі халықтарының дәстүрлі музыкасын, соның ішінде әні мен күйін жан-жақты насихаттау, дәстүрлі музыкаға жүйелі түрде қамқорлық жасау ісінің жандана түсуіне мемлекет тарапынан қолдау көрсету болып табылады.
Концертте ҚР халық әртісі Қайрат Байбосынов, ҚР еңбек сіңірген әртісі Айгүл Үлкенбаева, ҚР мәдениет қайраткері Жанғали Жүзбаев және басқа да дәстүрлі орындаушылар өнер көрсетті. Сахнада Құрманғазы, Дәулеткерей, Қазанғап, Дина, Сүгір, Тәттімбет сияқты танымал дәулескер күйшілерінің күйлері және қазақтың Арқа, Батыс, Жетісу, Сыр өңірлерінің дәстүрлі әндері әуеледі. Сондай-ақ, алтай халықтарының эпосы «Қозюке-Баян», ноғай халық күйі «Йорға саз» сияқты туындылары орындалды.
Концертке ТҮРКСОЙ-дың, Түркі тілдес елдердің ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының, Халықаралық дәстүрлі музыка ұйымының басшылығы және шетелдерден келген музыка зерттеушілері қонақ ретінде қатысты.