Астанада Ұлы Отан соғысы жылдарында жарық көрген суреттер көрмеге қойылды

АСТАНА. 3 мамыр. ҚазАқпарат - Елордадағы Қазіргі заманғы өнер мұражайында «Жеңіс жолымен» атты Ұлы Жеңіс мерекесіне орай көрме ашылды.

Астанада Ұлы Отан соғысы жылдарында жарық көрген суреттер көрмеге қойылды

Көрмеге мұражай қорынан алынған 1943 - 1989 жылдар аралығында жарыққа шыққан Қазақстан, Ресей, Беларусь суретшілерінің 28 өнер туындысы қойылған. Соның ішінде Қадірбек Қаметовтің «Барлығы майдан үшін», «Майданнан хат», Василий Тимофеевтің «Рейхстаг шабуылының батыры Р.Қошқарбаев» атты тақырыптық картиналары ерекше қызығушылық тудыруда. Сонымен қатар көркемдік әрі тарихи құндылығы ай­рық­ша көрме, жұртшылық назарына түрлі техникамен орын­далған майдан мен соғыс тақырыбындағы өзге де кескіндемелік, графикалық жұмыстар мен мүсіндерді ұсынды.

Шараның негізгі мақсаты - Ұлы Жеңістің 67 жылдығына орай, елімізге ерлігімен еңбек сіңірген соғыс ардагерлеріне тағзым ету.

Мәдени шара барысында арнайы шақырылған қадірлі ардагерлерге құрмет көрсетіліп, мерекелік концерт ұйымдастырылды.