Астанада «Ұлы Отан соғысындағы қазақстандықтар» атты көрме өз жұмысын бастады

АСТАНА. 5 мамыр. ҚазАқпарат /Айнұр Кенебаева/ - Астанада «Ұлы Отан соғысындағы қазақстандықтар» атты көрме өз жұмысын бастады.
None
None

Бүгін «Бәйтерек» монументі ғимаратында Ұлы Жеңіс күніне орай ұйымдастырылған көрменің салтанатты ашылу рәсімі болып өтті.

Аталмыш шараны Ресейлік «РИА Новости» халықаралық ақпарат агенттігі «Астана - Бәйтерек» ЖШС-мен бірлесе жүзеге асырды.

Көрменің салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстандағы Ресейдің Өкілетті және Төтенше елшісі Михаил Бочарников және Астана қаласы ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Хайролла Жармұханов қатысты.

Көрмеге әскери тілшілердің соғыс жылдарында түсірген 30-дан аса фотоқұжаттары мен майдан өмірінен сыр шертетін өзге де деректі материалдар қойылған. Майдан алаңындағы репортаж жанрында жасалған фотолар Отан қорғаушылардың қызу ұрыс үстіндегі, қысқа мерзімді тынығу уақытындағы және әскери дайындық барысындағы сәттерін шынайы түрде бейнелейді.

«Бүгінгі көрменің жас ұрпаққа беретін тәрбиелік өнегесі зор. Көрмеге қойылған әрбір фото Отан үшін от кешкен қазақстандық жауынгерлердің қайыспас қайсарлығын, алмас қылыштай мұқалмас жігерін бейнелейді. ҰОС батырларының ерлігі - бүгінгі ұрпаққа ұмытылмас ұлағат, өшес өнеге, сондықтан да олардың ерлігі санамызда мәңгілік сақталуы шарт», - деді көрменің ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген Хайролла Жармұханов.

Көрме жұмысы бір аптаға созылмақ.

Соңғы жаңалықтар