Астанада Ұлы Отан соғысының батырларына арналған «Үш жұлдыз» көрмесі өтуде
АСТАНА. 25 маусым. ҚазАқпарат - Астана күні құрметіне, сондай-ақ, 1941 жылғы Ұлы Отан соғысының басталған күніне орай «АЛЖИР» саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандары мұражай-меморальдық кешенінде 20-ынан 27 маусымға дейін қазақтың үш батыр қызы - Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова және Хиуаз Доспановаға арналған «Үш жұлдыз» меморалдық көрмесі өтуде. Бұл туралы Астана қаласының ресми сайтынан хабарланды.
Қазіргі қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған, бейбіт заманда өмір сүріп жатып, біз осы болашақ ұрпақтың мамыражай тыныштығы үшін қаншама аға-апаларымыздың қаны төгілгенін түсіне бермейміз.
Әлия Молдағұлова Балтық жағалау майданының 22-армиясының 54-атқыштар бригадасында мерген болды. Ефрейтор шеніндегі жас қызға Кеңес Одағының Батыры атағы 1944 жылы (марқұм болғасын) берілді. Ол ресми есеп бойынша 78 жау солдатының көзін жойған. 1944 жылдың 14 қаңтарында Новосокольники қаласы үшін ұрыста ауыр жараланып, қаза тапты.
Маншүк (Мәнсия) Мәметова 1943 жылы 15 қазанда Невель қаласы түбіндегі кескілескен ұрыс кезінде көз жұмды. Калинин майданы 3-соққы беру армиясының 21-гвардиясының пулеметшісі, гвардия аға сержанты. Кеңес Одағының Батыры атағын алған тұңғыш қазақ әйелі. Ол Невель үшін болған ұрыста жаудың 70 солдатының көзін жойған. Ерлікпен қаза тауып, Невель қаласына жерленді.
Хиуаз Доспанова 588-бомбылаушы авиаполкінің штурман-атқышы болған. Оңтүстік майдан, Солтүстік Кавказ, Закавказье, Украина және Беларус жерінде әскери тапсырмаларды орындауға қатысты. Хиуаз Доспанова майданнан елге ІІ топтағы мүгедек болып оралды. 1951 жылы Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесіне депутат болып, бірінші сессияда Президиум хатшылығына сайланған. Қырық жасқа жетпей 1959 жылы мәжбүрліктен зейнеткерлікке шықты. Ол 2008 жылы 20 мамырда қайтыс болды.
Көрмеде қазақтың осы батыр қыздарының суретері мен құжаттары, соғыс кезінде жазылған хаттары, сондай-ақ сол ауыр жылдарда олар пайдаланған жеке заттары қойылған. Көрмеге келуші әрбір адам сұм соғыс салған қасірет пен қатыгездіктің, қиыншылық пен жан күйзелісінің таптарын сарғайған жәдігерлерден көріп, жүректерімен түйсіне алады. Соғыс талай балауса жандардың армандарын үзді...
Көрме 26 маусымға дейін жалғасады.