Астанада Ұлы Отан соғысының қатысушылары, пенитенциарлық жүйенің ардагерлері өз мекен-жайларына құттықтаулар алды

АСТАНА. Мамырдың 4-і. ҚазАқпарат /Ғалымжан Хасенов/ - Жеңістің 65 жылдық мерейтойын атап өту аясында бүгін Астана қаласында тұратын Ұлы Отан соғысына қатысушылар, пенитенциарлық жүйенің ардагерлері өз мекен-жайларына құттықтаулар алды, деп хабарлайды Әділет министрлігі ҚАЖ комитеті баспасөз қызметі.
None
None

Ведомство баспасөз қызметінің өкілі Самал Ғаділбекованың айтуынша, іс-шараны ҚАЖ Комитеті ардагерлер кеңесі және ҚАЖК Астана қаласы бойынша басқармасымен бірлесе отырып өткізді.

ҚАЖ қызметкерлері соғысқа қатысқан үш ардагердің үйінде болды. Олар Алексей Данилович Межуев, Иван Федорович Добрышин және Вячеслав Дмитриевич Ломако.

Ақмола облысы, Шортанды ауданының тумасы 88 жастағы А.Д.Межуев соғысқа 1941 жылдың шілдесінде аттанған, Мәскеу түбіндегі шайқасқа қатысқан.

Ақмола облысы Преображенское ауылының тумасы И.Ф.Добрышин - бұрынғы взвод командирі, Беларус пен Польшаны азат етуге қатысқан.

Соғыс басталғанда В.Д.Ломаконың Беларустың Минск ауданында орналасқан туған ауылы Дубовицкая Слобода Гитлер әскерлерінің қоршауында қалған, деп еске алады ардагер. Жасөспірім фашистік Германияның ауыр жұмысына бармас үшін, ауылынан қашып партизандық отрядқа келіп қосылған, ол жерде отряд Кеңес Одағының әскеріне қосылғанға дейін, яғни 1944 жылға дейін соғысқан.

Гүл мен алғыс сөздерінен басқа, әр ардагерге материалдық көмек, арнайы плакаттар мен сыйлықтар берілді, ең бастысы - бұрынғы әріптестерінің атынан алғыс пен ықыласқа бөленді, деп атап өтті Самал Ғадылбекова.

Соңғы жаңалықтар