Астанада Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған ерекше отшашу ұйымдастырылды (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Есіл өзені жағалауында Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай елордалықтар мен қала қонақтары үшін отшашу болды.
Аталған мерекелік шара Астана уақытымен сағат 22:00-де басталды. Бүгінгі отшашудың басты ерекшелігі, оның биіктігі 400 метрге дейін жетеді, деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен. Отшашулар 76 миллиметрлік ЗИС-3 зеңбіректерінен артиллериялық атумен жүзеге асырылады. Аталмыш зеңбірек те Т-34 танкі мен аты аңызға айналған «Катюша» тәрізді Ұлы Жеңіс символы болып табылады. Отшашу заманауи ЛУР-10 қондырғысынан түрлі-түсті мерекелік фейерверк түрінде берілуде. Артиллериялық жарақтан барлығы 23 дүркін атылады (1 дүркінде 6 ату бар). Мұндай отшашу Алматыдағы «Сайран» автобекеті маңында да орын алуда. Сонымен қатар Қазақстанның барлық ірі қалаларында да отшашулар ұйымдастырылуда. Мәселен, Қарағандыда орталық саябақта қалалықтар 70 дүркінді отшашуды тамашалай алады. Еске сала кетейік, 9 мамыр күні Мәскеудегі Қызыл алаңда Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы құрметіне әскери парад болды. Оған 16 мыңға жуық адам мен 200 әскери техника қатысты. Жеңіс шеруіне ТМД елдерінен - Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Үндістан, Моңғолия, Сербия, Қытайдан - 10 парадтық есеп атсалысты. Мерекелік жиынды Мәскеуге Жеңіс күніне орай келген әлемнің 30-ға жуық елінің көшбасшылары тамашалады.