Астанада «Ұлысаралық толеранттықтың қазақстандық моделі» ғылыми-білім модулінің таныстырылымы өтеді
АСТАНА. Қазанның 2-сі. ҚазАқпарат - Ертең Астанада Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру курсының «Ұлттық және халықаралық қауіпсіздік: қатерлер мен тәуекелдер» тақырыбы ауқымында Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен «Ұлысаралық толеранттықтың қазақстандық моделі» ғылыми-білім модулінің таныстырылымы өтеді,
деп хабарлайды Қазақстан халқы Ассамблеясының баспасөз қызметі.
Модульдің негізгі мақсаты - қазіргі заманғы пайда болатын қатерлерді оңтайлы шешу жобаларында ұлысаралық толеранттықтың қазақстандық моделі үлгісінде ұлысаралық қатынастардың өтуі үдерістері туралы ғылыми-теориялық және қолданбалы түсініктер шеңберін айқындау болмақ. Шара ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару тыңдаушыларының ұлысаралық қатынастар саласындағы жұмысында Қазақстан үшін өзекті білімдер мен дағдыларды меңгертуді көздейді. Тыңдаушылардың арасында орталық және жергілікті басқару және құқық қорғау органдарының өкілдері, аймақтардың ішкі саясат басқармаларының қызметкерлері бар.
Таныстырылымды Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары - хатшылық меңгерушісі Ерәлі Тоғжанов өткізеді.
Семинар жұмысына Қазақстан халқы Ассамблеясынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңесшісі, ҚХА жанындағы Ғылыми-сарапшылар кеңесінің хатшысы Наталья Калашникова, ұлысаралық қатынастар мәселелері саласындағы сарапшылар, БАҚ өкілдері қатысады. Шараның модераторы - ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік Басқару академиясының ректоры Арын Өрсариев.
Бұл ғылыми-білім модулі республиканың басқа да жоғары оқу орындарында таныстырылуы жоспарланып отыр.