Астанада үнді классикалық биі өнерінің концерті өтеді

АСТАНА. 3 сәуір. ҚазАқпарат - 2013 жылдың 9 сәуірінде Л.Н. Гумилёв атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің оқу-зертханалық ғимараты залында Халықаралық Би күніне арналған Үнді халқының Катхак классикалық биін орындаушы, әлемге танымал Үндістаннан келген Пандит Раджендра Гангани мен Свати Синха ханым және «Алматы-Қазақстан, Үнді классикалық биі орталығының» қатысуымен мерекелік концерт болады.

Астанада үнді классикалық биі өнерінің концерті өтеді

Концерттің өткізілуіне Үндістанның Қазақстандағы Елшілігі қолдау көрсетіп отыр.

Бұл туралы «Үнді классикалық би орталығының» баспасөз қызметі хабарлады.

Халықаралық Би күнін мерекелеуде би арқылы ертедегі үнді халқының рухани мәдениеті және гуманизм мен оптимизмге толы өмірінен мәлімет береді. Үнді халқының мәдени дамуы мен болашағы туралы бүкіл әлем мойындағандай қазақстандықтар да аса бір сүйіспеншілікпен айтады.

Пандит Раджендра Гангани - қазіргі кезде Үндінің классикалық Катхак биін шебер орындаушыларының бірі. Өзінің өнерімен, сахналық мәдени шеберлігімен Раджендра - жаңа бағытта өнерін шығармашылықпен дамытып келе жатқан әртіс. Көптеген жылдар бойы Джайпур Гхарана Катхак биін орындаушылар жанұясында туылса да, ол өзін тума талант деп есептемеді. Оның күнбе-күнгі мақсатты түрдегі жаттығу жұмыстары оны Катхак Джайпур мектебінің жарқын жұлдызына айналдырды. Пандит Раджендра Гангани өзінің концерттік бағдарламасымен бүкіл әлемді: ТМД елдерін, Ұлыбритания, АҚШ, Италия, Германия, Франция, Қытай, Жапония, Ауғанстан, Скандинавия елдерін және басқа да елдерді аралады.

Дарынды музыкант Пандит Раджендра Гангани хореографиялық шығармаларға ән жазып қана қоймай, үнді халқының барлық аспаптарында ойнай алады. Раджендра бірнеше рет жоғары марапаттарды иеленген. 1995 жылы Қытайдың Бейжің қаласында өткен 11 елдің арасында өткен би фестивалінде «Үздік орындаушы» марапатын алған. 2003 жылы Үнді халқының өнері аймағында алдыңғы қатарлы «Sangeet Natak Academy Award» марапатын иеленген. Жақында Раджастанның «Sangeet Natak Academy Award» марапатын иеленді. Қазіргі кезде Үндістандағы Нью Дели Катхак Кендра танымал би институттарының профессоры.

Пандит Раджендра Гангани - биші, орындаушы, композитор, музыкант қана емес, ол - бірнеше жылдар бойы кәсіби бишілер даярлаған кәсіби Гуру - Ұстаз. Ол - өзінің ата-бабаларының дәстүр-салтын Катхак биі арқылы Үндістанда ғана емес, басқа да шет елдерге насихаттаушы.

Свати Синха ханым - қазіргі кезде Үндінің классикалық үлгідегі Катхак биін Ұстаз-Гуру Раджендра Ганганидің жаттықтыруымен Джайпур стилінде шебер орындаушылардың бірі. Свати Синханың би өнерінде тартымды, ширақ, мәнерлі қасиеттерімен өзіндік стилі бар.

Ханым Свати Синха әлемнің барлық қиырындағы өнер фестивальдеріне қатысқан. Үндістанда: Khajuraho Dance Festival; Soorya festival,Trivandrum; Konark festival; Kathak Mahotsava, Delhi; Delhi International Arts Festival өнер фестивальдеріне қатысқан.

2005 жылы Пандит Раджендра Ганганидің жетекшілігімен Свати Синха «Muniparampara» Би Академиясын ашты. Жақында «Kriti» би компаниясын ашты. Свати Синханың классикалық шеберлігін йогалық орындаушылығы толықтыра түседі. Ол Катхактың дәстүрлі стилін сақтай отырып, жаңа шығармашылық қимылдармен дамыта түсуде.

«Алматы-Қазақстан, Үнді классикалық биі орталығы» - Қазақстанда және Орталық Азияда жалғыз және бірінші халықаралық дәрежесі бар мекеме. Орталық жұмысының мақсаты - адамның физикалық және рухани әлемін дамыту, үнді халқының классикалық биі арқылы жеке тұлғаның шығармашылық деңгейін анықтау және организмді сауықтыру, әр ұлттың өкілдерін түсінушілік пен ынтымаққа шақыру, Қазақстан мен Үндістанның мәдени байланысын нығайту, екі елдің арасындағы мәдени байланысты тану.

Жобаның жетекшісі - үнді классикалық би орталығының директоры және хореографы Ақмарал Қайназарова. Ол үнді классикалық би өнерінің магистрі, ЮНЕСКО жанындағы Париждегі Халықаралық Би кеңесінің мүшесі, Мәдениет Қайраткері.

ЮНЕСКО-ның шешімімен 1982 жылдың 29 сәуірі - Халықаралық би күні болып жарияланды.

Халықаралық би күні барлық халықтың мәдени-тарихи бағыттарын біріктіре отырып, саяси- тарихи және мәдени шекараларды біріктіруді көздейді.

Концертке кіру тегін.