Астанада ұрлықпен және тонаумен айналысып келген өзге облыстардың тумалары құрықталды
АСТАНА. 12 қыркүйек. ҚазАқпарат - Астанада бір күнде ұрлықпен және тонаумен айналысып келген өзге облыстардың бірқатар тумасы құрықталды. Бұл туралы елордалық Ішкі істер департаменті «Сарыарқа» аудандық ішкі істер басқармасынан хабарлады.
Мәлім болғандай, «Сарыарқа» аудандық ішкі істер басқармасына елорданың екі тұрғыны өздерін ашық түрде тонап, ақшаларын тартып алып кеткендігі туралы арызданған.
«Екі қылмысты ашуға «Барс» жедел-іздестіру тобының қызметкерлері дереу жұмылдырылып, олар Сарыарқа даңғылының бойында орналасқан 15 үйдің ауласында жасалған екі бірдей тонау қылмысын әшкереледі. Құқық сақшыларының қолдарына 18 бен 20 жас аралығындағы үш бозбала түсті. Олардың біреуі Батыс Қазақстан, екеуі Солтүстік Қазақстан облыстарының тумалары. Арасындағы ең жасы ұрлық жасағаны үшін бұрын істі болған», - делінген таратылған хабарламада.
Айғақ заттар алынып, ҚР Қылмыстық кодексінің 178 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер уақытша ұстау абақтысына қамауға алынды.
Осы күні «Барс» тобы кәсіби шеберліктерін тағы бір істе көрсете алды. Елордалық дүкен иесінен ұялы телефон мен 15 мың теңге ақшаны ұрлап кеткен 23 жастағы азамат топтың шапшаң қимылының арқасында лезде қолға түсті. Анықталғандай, қаскөй бұрын сотты болған Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы. Ол уақытша ұстау абақтысына жеткізіліп, үстінен қылмыстық іс қозғалды.