Астанада ұрылар үй иелерін ұйықтап жатқанда тонап келген

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық полицейлер ашық терезе арқылы үйге еніп, ұрлық жасап келген қарақшыларды ұстады. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл жайында Астана қалалық ІІД баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астанада ұрылар үй иелерін ұйықтап жатқанда тонап келген

«Елорда аумағындағы көпқабатты үйлерге терезеден кіру арқылы бірқатар пәтерді тонады деген күдікпен екі адам қамауға алынды. ҚР ҚК «ұрлық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - делінген таратылған ақпаратта.

Мәселен, полиция қызметкерлері төменгі қабатта орналасқан пәтерлердің терезесі түнгі уақытта ашық тұрғандығын пайдаланып, ұрлық жасаған деген күдікпен 23 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Ол дәл осындай тәсілмен 4 пәтерді тонаған.

Сонымен қатар қала аумағында дәл осындай ұрлықпен айналысып келген Қарағанды облысының тұрғыны қолға түсті. Бұл азамат та түн ішінде ашық тұрған терезе арқылы 6 пәтерге кіріп, тонағандығы белгілі. Қаскүнемдер зергерлік бұйымдар, ақша және ұялы телефондарды алып кеткендігі анықталды.

Осыған орай елордалық полиция төменгі қабатта орналасқан пәтерлердің иелеріне барынша сақ болуға, терезелерін ашық қалдырмауға және темір тор орнатуға кеңес береді.