Астанада үш базардың жұмысы тоқтатылуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Елордадағы «Алаш», «Шарын» және «Сарыарқа» базарларының иелері жаңғырту жөніндегі нұсқамаларды қайта орындамаса, аталған базарлардың жұмысы сот шешімімен тоқтатыла тұруы мүмкін. Бұл туралы Астана қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Еркебұлан Тағашов мәлімдеді.

а
Фото: Kazinform

Департамент басшысының айтуынша, елордадағы жеті базар жаңғырту жөніндегі жол картасына енгізілген. Аталған үш базардың иесіне нұсқамаларды орындамағаны үшін айыппұл салынған.

– Айыппұл салынғанымен, базар иелері жаңғырту жұмыстарын аяқтауға міндетті. Бұған дейін анықталған заңбұзушылықтарды жою, базарларды стационарлық сауда форматына көшіру жөнінде нұсқама берген едік. Кәсіпкерлерге қайта хабарлама жібердік, – деді Еркебұлан Тағашов Астана қаласының Коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында.

Оның сөзінше, заң талаптары тағы бұзылса, базар иелеріне қайта айыппұл салынады.

– Нұсқама қайта орындалмаған жағдайда базарлардың жұмысын тоқтата тұру туралы сотқа өтінішхат береміз, – деді департамент басшысы.

Қазір «Орталық базарда» ашық алаңдар мен контейнерлердегі сауданы тоқтату мақсатында тексеру жүргізіліп жатыр. Ал «Ұлжан» базарының иесі жобалық-сметалық құжаттаманы ұсынып, базарды толық жаңартып, жаңа нысан салуға дайын екенін білдірген.

«Алтай» және «Шанхай» базарларында жаңғырту жұмыстары толық аяқталған. Қазір мұнда сауда стационарлық нысандарда жүргізіледі.

Еркебұлан Тағашовтың айтуынша, базарларды стационарлық сауда форматына көшірудің заңда белгіленген мерзімі биыл 1 қаңтарда аяқталған.

Еске салайық, биыл шілде айында Астанадағы «Ұлжан», «Алтай», «Сарыарқа», «Алаш» және «Шарын» базарларын тексеру кезінде заң талаптарының сақталмағаны анықталған еді.