Астанада үшем дүниеге келді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордадағы «Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында» жалпы салмағы 8 келі үшем дүниеге келді, деп хабарлайды АБҰҒО баспасөз қызметі.
Үшемнің анасы Жанар Жаңабаева бастапқыда естіген жаңалыққа сенер-сенбесін білмеді. Енді Ғани, Иманғали, Ақнұр жарық дүние есігін ашты. Жанар мұны Тәңірдің сыйы деп қабылдады, енді ананың басты міндеті балаларын аялап-мәпелеп өсіру.
Үш бала белгіленген мерзімде туылды, балалардың жағдайы жақсы, салмақтары 2,5 келі. Мұндай жағдай өте сирек кездеседі, тіпті егіздердің де салмағы мұндай болатын кез сирек. Қуанышқа кенеліп жатқан ата-ананың үшемге дейін өмірге келген ұлдары бүгінде жеті жасқа толған. Ол бірден екі іні мен бір қарындасқа аға атанғанына таң-тамаша. Бақытты балақай анасы мен бауырларының келуіне арнап бөлме дайындап қойыпты және анасына оларды бағуға көмектесуге уәде берді.
Тағы бір қызығы, үшем әкесінің туған күні - 20 маусымда дүниеге келді. Енді Жаңабаевтар әулеті бір күнде 4 адамның туған күнін атап өтетін болады.
Үшемнің әке-шешесі Қайыржан мен Жанар Астанада жұмыс істейді. Енді оларға тұрғын үй өзекті мәселеге айналды. Мемлекет қолдайды деген үміттері бар, олар республиканың жаңа азаматтарын тәрбиелеуге бар күш-жігерін саламыз деп отыр.