Астанада үшінші Еуразиялық әйелдер саммиті өтеді

АСТАНА. 20 қараша. ҚазАқпарат - Астанада 21-23 қараша күндері үшінші Еуразиялық әйелдер саммиті өтеді, деп хабарлады «Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығының» баспасөз қызметі.

Астанада үшінші Еуразиялық әйелдер саммиті өтеді

Бұл шараны ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның қолдаумен аталған қауымдастық ұйымдастырып отыр.

Саммиттің басты мақсаты - Еуразия кеңістігінің қоғамдық-саяси және экономикалық дамуына әйелдердің қосқан үлесін паш ету және ҚР Тұңғыш Президентінің гендерлік саясатты жүзеге асыру жөніндегі реформаларына қолдау көрсету болмақ.

Саммит тақырыбы - «Қоғамды әлеуметтік жаңғыртудағы әйелдердің көшбасшылығы». Осы тақырып аясында мемлекет пен бизнестің әріптестігін нығайту, әйелдердің елдің саяси, экономикалық, әлеуметтік өміріне белсене араласуы, олардың қоғам өмірінің әлеуметтік жаңғыруына қосып отырған үлесі талқыланады.

Саммитке елдің барлық өңірлерінен 350-ден астам қатысушылар, сондай-ақ Катар, Израиль, Ресей, Беларусь, Украина, Башқұртстан, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінен қонақтар қатысады.

Оның ауқымында «Іскерлік және экономикалық дағдыларын дамыту жолымен әйелдердің мүмкіндігін кеңейту» тақырыбында халықаралық конференция, іскерлік тренингтер,   отандық өндірушілердің - әйелдер қолымен жасалған өнімдер көрмесі өтеді. Оған Қазақстанның барлық өңірінен әйелдер басқаратын 50-ге тарта кәсіпорын өз өнімдерін ұсынады.