Астанада үшінші тоқсаннан бастап мыңдаған бала жаңа мектепке барады
Елордада үшінші тоқсаннан бастап тағы үш мектеп ашылады. Бұл жайында қала әкімі Жеңіс қасымбет хабардар етті, деп хабарлайды Kazinform.
Бұл мектептер — Тұран даңғылы мен № 24 көшеде 2400 оқушыға арналған (2 ауысымды), № 5 мектеп аумағында 1200 орынға арналған жаңа ғимарат (2 ауысымды), Тұран даңғылында орналасқан Зерде дарынды балаларға арналған мектеп (Барыс Аренаның арт жағы).
«Осылайша оқу жылының басынан бастап 11 мектеп салдық. Қазіргі оқу жылының соңына дейін тағы 4 мектеп ашамыз. Бүгін қаланы аралау барысында олардың құрылысымен таныстым. Оқу орындарын сапалы және уақытында салуды тапсырдым. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қалада „Жайлы мектеп“ ұлттық жобасын іске асырамыз. Жоба аясында 2024-2025 жылдар аралығында 90 мыңға жуық оқушы орнына (2 ауысымды) арналған жаңа форматтағы 24 мектеп саламыз» деп жазды Instagram парақшасында Жеңіс Қасымбек.
Ол мектептің 15-і қарқынды дамып келе жатқан Есіл мен Нұра аудандарында орналасады.
2027-2028 жылдарға дейін бас-аяғы 200 мыңға жуық оқушы орнына (2 ауысымды) арналған 80-нен аса мектеп салу жоспарланып отыр.