Астанада ұсталған азаматты жәбірлеген полиция қызметкері 5 жылға сотталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада ұсталған азаматты жәбірлегені үшін полиция қызметкері 5 жылға сотталды. Бұл туралы Астана қаласының прокуратурасынан хабарлады.

Астанада ұсталған азаматты жәбірлеген полиция қызметкері 5 жылға сотталды

Жүргізілген тергеу барысында Астана қаласы ІІД патрульдік полициясының қызметкері Р. Тойғұлиев вокзал маңындағы кезекшілігінде болғанда, қоғамдық орында мас күйінде жүрген үшін М. Бащыбековты ұстап, оның кім екендігін анықтау үшін полиция бөлімшесіне жеткізу туралы шешім қабылдайды.

"Сарыарқа" ауданының ІІБ №20 полиция бөлімшесінің маңында полиция қызметкері ұсталған адаммен сөзге келіп қалады, артынша полицей оның қолына кісен тағып, әлгіні соққының астына алған.

"Денесіне түсірген жарақатты жасыру мақсатында, Р. Тойғұлов М. Бащыбековты «Әсем» сауда аумағына апарып, басына мата байлап, жәбірленушіні жеке көліктің жүксалғышына салған", - деп нақтылады прокуратурада.

Содан кейін тәртіп сақшысы М. Бащыбековты иен даладағы қоқыс өңдейтін зауыт маңына апарып, кісеннен босатып, оны қоқыс шұңқырына тастап жіберген де оқиға орнынан ізін суытқан.

"Айыпталушы өз айыбын мойындамағанына қарамастан, арнайы прокурордың жүргізген тергеуі барысында Р. Тойғұловтың бұл қылмыстық әрекеті толықтай дәлелденіп, іс сотқа берілді. №2 Сарыарқа аудандық сотының үкімімен Р. Тойғұлов кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енді", деп хабарлады прокуратурадан.