Астанада үстел теннисінен өтетін турнирдің жүлде қоры 1 млн доллар

АСТАНА. ҚазАқпарат - 14-17 желтоқсанда Астанада үстел теннисінен «World Tour Grand Finals 2017» әлемдік турының финалдық бәсекесі өтеді. 

 Астанада үстел теннисінен өтетін турнирдің жүлде қоры 1 млн доллар

Осы спорттық шараның жүлде қоры 1 миллион АҚШ долларына жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Үлкен теннистегі «Үлкен дулыға» және велоспорттағы «Тур де Франс» тунирлерімен салыстыруға болатын «World Tour Grand Finals 2017» алғаш рет ТМД аумағында өткізілмек.

«Гранд-финалға әлемнің үздік спортшылары қатысады. Бұлар ерлер, әйелдер арасында теннисшілердің ТОП-16 әлемдік рейтингісінде алдыңғы қатардағылар, сондай-ақ жұптық сынында ұпай саны бойынша алдыңғы орында тұрғандар. Байрақты бәсекеге қатысатын спортшылар әлемдік турдың 12 кезеңінде өткізілген жарыстардың қорытындысы бойынша сараланады. Қатысушылардың арасында 5 олимпиада чемпионы мен 9 әлем чемпионы бар»,-  деді  ҚР Үстел теннисі федерациясының бас директоры Серік Қасқабасов.

Оның сөзіне қарағанда, биыл турнирдің кезеңдері Будапешт, Нью-Дели, Инчхон, Панагюриште, Оломоуц, Стокгольм, Доха, Токио, Чэнду, Брисбен, Линце, Магдебург қалаларында ұйымдастырылды.

Айта кетейік, финалдық сайыс «Дәулет» спорт кешенінде өтеді. Бұл шарадан әлемнің 122 еліне хабар таратылады.