Астанада үй құрылысына берілген жерлер қайта қаралып, саябақ салынады
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астанада бұрын үй салуға бөлінген учаскелерде саябақтар ашылады. Бұл туралы елордалық урбанистика орталығының бөлім басшысы Аслан Қандығұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жалпы, қазір қала бойынша тұрғын үйге бөлінген барлық учаскелер қайта қаралуда. Біз қазір оларды көгалдандыру, саябақ кластерлерін, әлеуметтік нысандарды ұлғайту үшін қайта қарастырып жатырмыз. Сондай-ақ, тұжырымдамамызда көшелерді және қосымша ағаш отырғызуға болатын барлық учаскелерді барынша көгалдандыруды қарастырамыз», - деді Аслан Қандығұлов Астана коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Айта кетейік, соңғы бес жылда Астанада абаттандыру бойынша мыңнан астам жоба іске асырылған, оның ішінде 181 қоғамдық кеңістік пен 873 аула салынған. Биыл қаланың бес ауданында 165-тен астам аула абаттандырылуда.
«Біз елордалық сәулетшілер ретінде бұл саябақтар тұрғындардың қала қарбаласынан үзіліс алатын сүйікті орнына айналарына сенімдіміз. Эскиздік жобаларды әзірлеу кезінде тұрғындардың тілектері мен сындары ескеріледі. Сонымен қатар, урбанистер әлемдегі ең жақсы тәжірибелерді қолданады. Мысалы, қалада веложолдар саны артып келеді, бұл болашақта көшелердегі көлік құралдарының санын азайтуға және көмірқышқыл газының шығарындыларын азайтуға мүмкіндік береді», - деп толықтырды спикер.
Бұған дейін Аслан Қандығұлов Астананың қай көшелері абаттандырылатынын баяндаған еді.