Астанада үй жануарларын чиптеу міндеттеледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы үй жануарларын чиптеу міндеттеледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат Astana Innovations басқарма төрағасы Олжас Сартаевқа сілтеме жасап.
«Астана қаласының әкімі Әсет Исекешовтің нұсқауы бойынша елордадағы барлық саланың қызметі цифрландырылуы тиіс. Қалалық әкімшілік үй жануарларына ерекше көңіл бөлмек. Астана әкімінің орынбасары Малика Бектұрова үй жануарларын электронды жүйеге тіркеуге қатысты тапсырма берді. Бүгінгі таңда компания тарапынан елордадағы мал дәрігерлері қызмет көрсететін емханаларды іске қосу жұмыстары басталды»,-деп жазды Олжас Сартаев Facebook-тегі парақшасында.
Оның айтуынша, үй жануары мен оның иесіне қатысты деректерден тұратын медициналық ақпараттық жүйе құрылады. Аталмыш жүйе халықаралық аналогты нұсқаларға сәйкес құрастырылған. Олжас Сартаев жүйенің қалай жұмыс істейтінін мәәлім етті. Жануардың ішкі терісіне микро-чип енгізіліп, оған қатысты деректер жүйеге жазылады. Нәтижесінде қаладағы барлық жануардың деректер базасы іске қосылады.
Олжас Сартаевтың айтуынша, чипті тасылмалдаумен белгілі бір мемлекеттік кәсіпорын айналысатын болады.
Сонымен қатар, чипке байланысты бірыңғай тариф бекітіледі. Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда чиптің өзіндік құны 300 теңге тұратындығына қарамастан, бірнеше жерде 1500 теңгеден сатылып, қызмет құнын қосқанда 2000 теңгеге жеткен.
Фото: media.lrytas.lt