Астанада ұялы телефон тонаушылар ұсталды
АСТАНА. 14 қазан. ҚазАқпарат. Елорда аумағында «К» есімді азамат ұзақ уақыт бойы ұялы телефондарды ұрлаумен айналысқан. Газды қарумен немесе күш қолдану арқылы ол жасөспірімдерден ұялы байланыс құралын тартып алған. Ұрлаушы транзиттік нөмірі бар «Ауди А4» маркалы көлігін жүргізген.
Сақшылардың жедел қимылдауының арқасында арам пиғылдылардың бірі «ізі суымай» құрықталды. Ол бірден кінәсін мойындап, кезекті шабуылдың мән-жайын толықтай баяндап берді. Оның сыбайласын табу үшін «Алматы» ауданы ІІБ Тергеу бөлімінің негізгі күші жұмылдырылды. Жедел-іздестіру шарасының барысында 1990 жылы туған, 2010 жылы ҚР Қылмыстық Кодексінің 175-бабының 1-бөлімі бойынша сотталған, елорданың «К» есімді азаматы ұсталды. Жедел-тергеу амалдары барысында осыған ұқсас 5 қылмысқа қатыстылығы бар екендігі анықталды. Қазіргі уақытта ұсталған тұлғалар Астана қ. ІІД Уақытша қамауда ұстау изоляторына қамауға алынды. Осы іс бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 179-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізілуде.