Астанада үйінде қолдан насыбай жасайтындардан 30 келі өнім алынды

сату
Фото: Астана әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM — Елорданың барлық аудандарында вейп пен насыбайдың заңсыз таралуына қарсы тұрақты негізде рейд жүріп жатыр. Полицейлер аудан әкімдіктерінің өкілдерімен бірлесіп сауда нүктелерін тексеріп, таратушыларды әкімшілік жауапкершілікке тартады, деп хабарлайды елорда әкімдігі. 

Рейд басталғаннан бері елорданың бес ауданында 900-ден астам сауда нүктесі тексерілді.

Полиция департаментінің қызметкерлері аудан әкімдіктерімен бірлесіп шекпейтін темекі өнімдерін, оның ішінде насыбай өндірісі бойынша жерасты цехтарының 160-тан астам фактісін анықтады.

Байқоңыр ауданы бойынша Сейфуллин, Ж. Омаров, Иманов, Кенесары, Янушкеевич, Уәлиханов,Сембинов, Жангелдин, Отырар, Лермонтов көшелеріндегі және Алаш тасжолындағы 219 кәсіпкерлік нысанының насыбай мен снюсті заңсыз сату мәселесі тексерілді.

Рейд нәтижесінде 7 сату нүктесіне 25 АЕК (92 300 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.

полиция
Фото: Астана әкімдігі

Есіл ауданында шекпейтін темекі өнімдерін сатудың 23 фактісі анықталды, оның ішінде насыбай саудасы үшін 19 факт және кәмелетке толмаған тұлғаларға вейп сатудың 6 фактісі тіркеліп, 25 АЕК айыппұл салынды.

Сарыарқа ауданында 300-ден астам жеке кәсіпкерлік нысанына рейд жүргізілді.

60-тан астам бұзушылық анықталып, жалпы айыппұл сомасы 4 миллион теңгеден асатын 30 келіге жуық насыбай тәркіленді.

Нұра ауданындағы Асфендияров көшесі, Әнет баба көшесі, Сығанақ көшесі, Бағланова көшесі, Ұлы дала көшесі, Мұхамедханов көшесі, Отырар көшесі, Е-15 көшесі және Үркер КЖК Исатай батыр көшесінде орналасқан 167 дүкенде профилактикалық түсіндіру жұмысы жүргізілді. 

Рейд қорытындысы бойынша алты дүкенге айыппұл салынды.

Сондай ақ рейд кезінде Алматы ауданында 57 бұзушылық анықталды:

— Насыбай сатудың 42 фактісі тіркеліп, 25 АЕК бойынша айыппұл салынды.
— Мекемелерде темекі өнімдерін (кальян) тұтынудың 21 фактісі тіркеліп, 15 АЕК айыппұл салынды.
— Жиырма бір жасқа толмаған жастарға темекі өнімдерін сатудың 1 фактісі анықталып, 15 АЕК айыппұл салынды.

насыбай
Фото: Астана әкімдігі

Тәркіленген шекпейтін бұйымдар жойылды.

Шағын және орта бизнес арасында бұзушылармен шекпейтін темекі өнімдерін сатуға жол бермеу туралы профилактикалық әңгіме өткізілді. 

Соңғы жаңалықтар