Астанада Ұзақ батыр мен Жәмеңке абызға арнап ескерткіш орнатылса игі - Ғ. Есім

АСТАНА. Маусымның 10-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Еліміздің рухани жүрегі Астананың жаңа көшелерінің біріне Ұзақ батыр мен Жәмеңке абыздың есімдерін беріп, ескерткіш орнату туралы шешім қабылданса игі. Бүгін бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында депутат Ғарифолла Есім ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовке жолдаған сауалында мәлім етті.

Астанада Ұзақ батыр мен Жәмеңке абызға арнап ескерткіш орнатылса игі - Ғ. Есім

«Қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезов 1927 жылы Жетісу өңіріндегі Қарқарада 1916 жылы орын алған ұлт-азаттық көтерілісі туралы «Қилы заман» атты повесін жазды. Әлем әдебиетінің алтын жауһарлары саналатын бұл шығарманың жарық көруіне кеңестік тоталитарлық қоғам мүмкіндік бермеді. Көзі тірі кезінде бүкіл әлем ұлықтаған Мұхтар Әуезов аталмыш шығармасының тұсаукесерін көре алмай кетті. «Қилы заман» тек 1972 жылы «Новый мир» журналының алтыншы санында «Лихая година» деген атпен, әлемдік әдебиеттің классигі Шыңғыс Айтматовтың алғысөзімен қырық төрт жылдан кейін жарық көрді. «Қилы заманда» қазақ халқының басынан өткен, ел жадында қатталып, бүгінге дейін сақталып келе жатқан қанды қырғын баяндалған. Бұл ұлт-азаттық көтерілістің қаһармандары - Ұзақ батыр мен Жәмеңке абыз еді. Біріншісі қол бастаған батыр болса, екіншісі ел бастаған шешен болатын. Олардың тікелей ұрпақтары бүгінде арамызда жүр», деді Ғ. Есім.

Сонымен қатар, сенатор Қазақ елінің тәуелсіздігінің жиырма жылдығына орай, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісте құрбан болған Ұзақ батыр мен Жәмеңке абыздың болашақ ұрпақтардың жадында сақталып қалуы үшін ұлықтаудың қажеттігін айтты. Бұл ретте, олардың есімдерін бір-бірінен бөлмей, еліміздің рухани жүрегі Астананың жаңа көшелерінің біріне беріп, ескерткіш орнатудың маңызы зор екендігіне назар аудартты. «Мұндай шешім қабылданса, бұл ел тарихының Ұзақ пен Жәмеңке секілді халық қаһармандарының алдындағы парызды өтеу ғана емес, Мұхтар Әуезовтің тарихи шындықты паш еткен «Қилы заманына» және оның тұсауын кескен Шыңғыс Айтматовтың биік рухына қойылған мәңгілік ескерткіш болар еді», деді сенатор.