Астанада ұзақ уақыт бойы тәртіп сақшыларының құрығынан сытылып кетіп жүрген ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы ұсталды
АСТАНА. Мамырдың 18-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Мамырдың 15-і күні «Барыс» жедел іздестіру тобының қызметкерлері елордада ақша бопсалап, тонап, алаяқтық жасап, бас бостандығынан айыру орындарына есірткі жеткізумен айналысып жүрген қылмыстық топтың жетекшісін қолға түсірді.
Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Астана қалалық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Арман Оразалинов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, қазіргі таңда елорданың аймағында қалалық Ішкі істер департаментінің қызметкерлері арнайы «Барыс» жедел-сауықтыру шарасын жүргізуде. Тәртіп сақшылары қылмыстық әлемнің белсендісін осы шара барысында қолға түсірген. Сонымен қатар полицейлердің құрығына қылмыстық топтың белсенділері де іліккен. Қылмыстық топтың басшысы жымысқы әрекеттерін өзінің тобындағы адамдардың қолымен жасап жүрген. «Бұл өз кезегінде әккі қылмыскерді қолға түсіруді қиындатып жіберді. Оны тек мамырдың 15-і күні жедел мәліметтер негізінде ғана және «Арлан» арнайы жасағының көмегімен қолға түсірудің мүмкіндігі туды. Ұсталған азаматты тінту барысында 10 грамнан астам героин мен атыс қаруы табылды. Қазіргі таңда оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, оның бұрын жасалып ашылмаған қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде», деді департамент бастығының орынбасары.
Оның деректеріне қарағанда, 2008 жылы елордадағы әйгілі түнгі клубтардың бірінде ұсталған қылмыскердің бұйыруымен оның сыбайластары бір қызды ұрып-соғып тонап, содан соң оны зорламақ болған. Осы оқиға бойынша қылмыстық топтың екі мүшесі ұсталып, олар бірнеше жылға бас бостандықтарынан айырылған болатын. Ал топтың басшысы тәртіп сақшыларының құрығына ілінбеген. Сөйтіп, ол қашып жүріп-ақ қаладағы бірнеше ойын-сауық орындарында түрлі жанжалдар тудырып, қулық-сұмдық әрекеттермен, кейде зардап шеккен азаматтарды ақшамен арбап, жауапкершіліктен жалтарып жүрген. «Қазіргі таңда аталмыш іс Ішкі істер департаменті басшылығының жіті назарында. Осы уақытта Астананың аймағында ұйымдасқан қылмыстық топтар жоқ», деді Арман Оразалинов.