Астанада үздік әлеуметтік әріптес анықталады

АСТАНА. 26 тамыз. ҚазАқпарат - Астанада биыл күзде «Үздік әлеуметтік әріптес» байқауы өтеді. Бұл туралы astana.kz сайтына Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан хабарлады.

Астанада үздік әлеуметтік әріптес анықталады

Конкурс жұмыс берушілерді жеке ұжымдардың қызметкерлерінің, жалпы қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешуге ынталандыруға, елорданың жұмыспен қамту органында есепте тұрған азаматтарды жұмысқа қабылдауды ынталандыру арқылы жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау механизмін кеңейтуге бағытталған. Іс-шараның мақсаты - елорданың жұмыспен қамту органында есепте тұрған жұмыссыз азаматтарды кәсіптік даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін жоғарылату механизмдерін жетілдіру, осы саладағы оң тәжірибені көрсету және кеңінен тарату болып табылады.

Конкурс «Елорданың үздік жұмыс берушісі», «Жұмыссыз азаматтарды даярлауды, қайта даярлауды және біліктілігін арттыруды жүргізетін үздік білім беру ұйымы» аталымдары бойынша өткізіледі.

«Елорданың үздік жұмыс берушісі» аталымында қаладағы жұмыссыздар үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға, қызметкерлерді қолдауға, соның ішінде еңбекақы төлеу мен еңбек қорғауды ұйымдастыруға бағытталған әлеуметтік бағдарламаларды іске асыратын қызметі, әлеуметтік пакеттің болуы, қызметкерлердің кәсіптік машықтары деңгейі мен біліктілігін жүйелі жоғарылату қызметі қаралады.

«Жұмыссыз азаматтарды даярлауды, қайта даярлауды және біліктілігін жоғарылатуды жүргізетін үздік білім беру ұйымы» аталымында жұмыссыз азаматтардың кәсіптік деңгейін жоғарылатуға бағытталған әлеуметтік бағдарламаларды іске асыратын, техникалық және кәсіптік білім беру саласында инновациялық бағдарламаларды енгізуді жүзеге асыратын қызмет қаралады.

Ведомствоның хабарлауынша, конкурсқа елорданың барлық меншік түріндегі ұйымдары қатыса алады.

«Конкурсқа қатысу үшін өтінімді және материалдарды, соның ішінде: анкета, елордадағы әлеуметтік ахуалды жақсартуға бағытталған әлеуметтік бағдарлама, корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік бойынша нақты нәтижелер мен қызметі туралы есептің үш данасын ұсыну керек»,- деп хабарлады astana.kz сайтына басқармадан.

Өтінімдер 1 қарашаға дейін қабылданады.