Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Астанада үздік әскери мейірбикелер анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Бас әскери клиникалық госпиталінде «Мейірбике - үздік маманы» байқауы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Астанада үздік әскери мейірбикелер анықталды

Медициналық персоналдың кәсіби шеберлігі мен дайындық деңгейін арттыру мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға госпитальдің түрлі бөлім өкілдері қатысты. Олар төрт кезең бойынша сынға түсті: өз-өзін таныстыру, блиц-турнир, үй тапсырмасы, шұғыл жағдайларда көмек көрсете білу дағдылары және ситуациялық жағдайларды шеше алу.

Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды травматология бөлімшесінің аға маманы ефрейтор Диана Тоқтарова, екінші орынды оториноларингология бөлімшесінің аға маманы, ефрейтор Мақпал Ыбыраева жеңіп алды. Үшінші орын қабылдау бөлімшесінің аға маманы, кіші сержант Ардақ Күртібаеваға бұйырды.

Өз кезегінде байқау жеңімпазы Диана Тоқтарова: «Әскери медициналық қызметкер - күрделі кәсіп. Бұл саланың маманы атануы үшін ең алдымен, шыдамдылық, әскери тәртіп және білім болу қажет. Менің жұмысым көмек пен күтімге мұқтаж адамдарға жәрдемдесу», - деді.