Астанада үздік энергетиктер марапатталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда желтоқсан айының әрбір үшінші жексенбісінде Энергетиктер күні аталып өтіледі. Бүгін елордалық ірі кәсіпорындардың бірі - «Астана-РЭК» АҚ ғимаратында энергетика саласының үздіктерін марапаттау салтанаты өтті.
Мерекелік шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхаметов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Серік Жақсыбеков, Астана қаласы Энергетика басқармасының басшысы Қайрат Әбдірасылов, «Астана-РЭК» АҚ басшылығы, аталмыш сала қызметкерлері мен ардагерлері қатысты, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметінен. Шара барысында құрметті энергетиктерге Астана қаласы әкімінің атынан құттықтау грамоталары, 10 маманға Қазақстан электр энергетикасы қауымдастығының наградалары, сонымен қатар бірқатар қызметкерге «Астанаэнергосервис» АҚ құрмет грамоталары табысталды. Бұдан басқа, шараның ресми бөлігінде «Астана-РЭК» АҚ 50 қызметкері кәсібилігі, адал әрі көпжылдық еңбегі үшін грамоталармен марапатталды. Шараның салтанатты бөлігінен кейін көпшілік назарына мерекелік концерт ұсынылды. Ұлттық музыка ойналып, мың бұралған бишілер өз өнерлерін ортаға салды.