Астанада үздік нәтижелері үшін Олимпиадалық даярлау орталығының спортшылары марапатталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласындағы Олимпиадалық даярлау орталығында 2015 жылы халықаралық жарыстарда үздік нәтиже көрсеткен спортшыларды марапаттау рәсімі өтті. Наградаларды аталған орталық директоры Қанат Жұрқаев табыстады.
Атап айтқанда, синхронды жүзу бөлімінің спортшылары Екатерина Симонова мен Дженифер Русанова марапатталды. Бұл жас спортшылар Таиландта өткен Азия чемпионатында үздік нәтиже көрсетті. Осы орайда оларға естелік сыйлықтар және бас демеуші «Стройкласс» құрылыс компаниясы атанын 300 мың теңгелік сертификаттар табысталды. Спорттық шеберлігінің тұрақты өсімі мен негізгі халықаралық жарыстардағы нәтижелері үшін 2015 жылдың қорытындысы бойынша үздік спортшылар ретінде академиялық есу бөлімінің спортшылары, Азияның екі дүркін чемпиондары Егор Рыченко мен Александр Юров танылды. Оларға да бүгінгі марапаттау шарасында естелік сыйлықтар мен 500 мың теңгенің сертификаттары тапсырылды. Мұнымен қоса, жемісті жұмыстары үшін ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің алғыс хаттарымен спорттың барлық түрлері бойынша бөлімдердің бапкерлері марапатталды. Жалпы аталған Орталықтың спортшылары биыл Азия чемпионаттарында 11 алтын, 11 күміс және 3 қола медальді жеңіп алды.