Астанада үздік сантехник, аула сыпырушы және еден жуушылар анықталады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада үздік пәтер иелері кооперативін анықтауға арналған байқау жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Елорда Инфо сайтына сілтеме жасап.

Астанада үздік сантехник, аула сыпырушы және еден жуушылар анықталады

Байқауды Байқоңыр ауданының Пәтер иелері кооперативі қауымдастығы аудан әкімдігі аппаратының қолдауымен өткізуде. Оның барысында үздік электрик, сантехник, аула сыпырушы және еден жуушылар да анықталатын болады.

Конкурсқа қатысуға өтінімдер 15 наурыз бен 30 сәуір аралығында қабылданады. Номинациялары: «Үздік ПИК», «Үздік ПИК төрағасы», «Үздік сантехник», «Үздік аула сыпырушы», «Үздік еден жуушы».

«Байқау тұрғын үй қорын күтіп ұстау және аула аумақтарын абаттандыру бойынша барынша адал қызмет көрсететін ұйымдарды анықтауға бағытталған. Байқауға Нұр-Сұлтан қаласының Байқоңыр ауданы шегінде қызмет көрсететін ұйымдар қатысуға құқылы», - делінген аудан әкімдігінің хабарламасында.

Жүлделі орындар үшін сыйақы мөлшері мен түрін Байқоңыр ауданының ПИК қауымдастығы басқарма мүшелері және аудан әкімінің аппараты анықтайды.