Астанада үздік спортшылар марапатталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының әкімдігінде Спорт күніне орай үздік спортшылар мен жаттықтырушылар марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жылдан жылға Астанада спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанатындар саны артып келеді. Бүгінде 300 мыңға жуық астаналық тұрақты түрде спортпен айналысады. Баршаңызға алғыс айтамын! Сіздер қоғамның игілігі үшін еңбек етіп жүрсіздер, мықты, дені сау жастарды тәрбиелеп жүрсіздер» - деді қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев.
Айта кетейік, бүгінде Астана қаласының 10 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 7416 бала білім алуда, оның ішінде 6586 - олимпиадалық спорт түрінен, 830 - олимпиадалық емес спорт түрінен. Спорт мектептерінде 50 спорт түрінен спортшылар дайындайды, соның ішінде 39 - олимпиадалық, 11 - олимпиадалық емес және ұлттық спорт түрлері.
«2018 жылдың І жартыжылдығында республикалық және халықаралық жарыстарда елордалық спортшылар 2,5 мыңнан астам медаль олжалады. Сонымен қатар 91 спортшы «Спорт шебері», 331 - «Спорт шеберіне кандидат» атағын иеленді, 235 - «I разряд» алды. Аталған кезеңде елордалық спортшылар қалалық, республикалық және халықаралық деңгейлердегі 1133 спорттық шараға қатысты», - деп нақтылады Е. Аманшаев.
Жыл басынан бері Астанада 300 жуық спорттық-бұқаралық шара өткізілді, оның ішінде 43 - халықаралық, 47 - республикалық және 200 астам қалалық шара.
Қалалық құрама жазғы және қысқы спорт түрлерінен республикалық кешенді жарыстарда көш бастап келеді. Оның үстіне, Астана қаласының спорт мектептері Қазақстан Республикасының ұлттық құрамаларын жасақтауда басты донор болып табылады. Елордалық бапкерлер 20 жуық Олимпиада чемпионы мен жүлдегерлерін тәрбиелеп шығарды, оның ішінде Данияр Елеусінов, Василий Левит, Гюзель Манюрова, Марина Вольнова, Сергей Яшкин, Асхат Жіткеев және басқалары бар.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2017 жылдың қорытындысы бойынша қалада 671 спорт ғимараты бар. Елорданы Астанаға ауыстырғалы қалада халықаралық стандарттарға сай жаңа бірегей нысандар бой көтерді.