Астанада ұжымдастыру құрбандарына арналған ескерткіш орнатылады

Бұл туралы бүгін «1930 жылдары КСРО-дағы «Ашаршылық» пен «Террордың» ауқымдылығы мен ықпалын түсіндірудегі жаңа көзқарастар» атты «дөңгелек үстелге» байланысты журналистерге берген сұхбатында Білім және ғылым министрлігі Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған мәлім етті.
Институт басшысының айтуынша, Қазақстандағы аштық туралы зерттеуді әсіресе, батыс ғалымдары ертерек әрі тереңірек қаузаған. Ал «дөңгелек үстелдің» мақсаты осындай ауқымды зерттеулерді саралай отырып, жұмысты одан әрі жаңғыртып жүйелеу. Сонымен қатар, халықаралық «дөңгелек үстел» жиынының тақырыбы ХХ ғасырдың 30 жылдары басында миллиондаған қазақстандықтың өмірін құрбан еткен қасіретті оқиғаның 80 жылдығына арналады.
«Жалпы Қазақстан мен КСРО-да орын алған 1928-1933 жылдардағы ашаршылықтың шыңы 1932 жылға келеді. Осыған орай, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Астанада ұжымдастыру құрбандарына арналған ескерткіш орнатылады. Біз жақында осы ескерткіштің жобасын мақұлдадық. Ашаршылықтың 80 жылдығына орай осы ескерткіш елордада бой көтермек», - деді Бүркітбай Аяған.