Астанада V халықаралық «Астана - Мерей» жас орындаушылар байқауы басталды

АСТАНА. Желтоқсанның 7-сі. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін елордадағы Қазақ ұлттық музыка академиясының концерт залында  V халықаралық «Астана - Мерей» жас орындаушылар байқауы басталды,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мәдени іс-шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейден 286 жас орындаушы қатысады. Олар конкурстың ережесіне сәйкес, жас ерекшеліктеріне қарай 3 топта өнер көрсетеді. Атап  айтқанда, бірінші топта 12 жасқа дейінгі, екінші топта 13-14 жас аралығындағы, ал соңғы топта 15-16 жастағы өнерпаздар бақ сынайды. ҚР Білім және ғылым министрлігімен белгіленген ережеге орай «Баян-аккордеон», «Үрлемелі және соқпалы аспаптар» және «Халық аспаптары» аталымы бойынша жеңімпаздар марапатталады.

«Осымен бесінші рет өткізілгелі отырған бұл өнер сайысының мәртебесі жыл сайын артып келеді. Оған ағымдағы жылы байқауға қатысуға ниет білдірген жас орындаушылар санының көбеюі және бірқатар шет елдерден қатысуға ниет білдірушілердің болуы нақты  дәлел бола алады. Жалпы конкурстың негізгі мақсаты - музыка өнері саласындағы дарынды, қабілетті оқушыларды анықтау, оларға жағдай жасау», дейді Қазақ ұлттық музыка академиясы оркестрлік факультетінің деканы, доцент Сансызбай Оразалиев.

Желтоқсанның 11-іне дейін жалғасатын конкурсты ҚР Білім және ғылым министрлігі, «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы және Қазақ ұлттық музыка академиясы ұйымдастырып отыр.

Соңғы жаңалықтар