Астанада В. Курилов пен Ш. Шақайдың фотокөрмелері ашылады
Қос көрме Қазақстан республикасы Тұңғыш Президенті күніне орайластырылған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, белгілі фотосуретші В. Куриловтың көрмесі 16 қарашада 18:00-де ашылып, 5 желтоқсанға дейін жалғасады.
Көрмеге фотосуретшінің 150-ден астам суреттері қойылады. Ол жас астананың даму кезеңдеріндегі ерекше сәттерді дер кезінде түсіре білген аздаған суретшілердің бірі. Оның жұмыстары арасында Ақорда, Бәйтерек, Бейбітшілік және Келісім сарайы, Хан шатыр сияқты көрікті ғимараттар әр қырынан көрсетіледі. Көрмеде сондай-ақ түнгі қала тылсымы да тарту етіледі.
Ал танымал фотосуретші Шүкір Шахайдың көрмесі 27 қараша мен 6 желтоқсан аралығында өтеді. Тұсаукесері 27 қараша күні 18:00-ге жоспарланып отыр. Ш. Шахайдың «Қазақстан», «Қасым Қайсенов», «Түркістан», «Қазақтың киіз үйі» және тағы басқа көптеген фотожинақтары жарық көрген.
Бұл көрмеге Елбасының ант қабылдау сәті, мемлекеттік рәміздерді қабылдау, сондай-ақ Президенттің төл туындысы Астана қаласының даму тарихынан сыр шертетін суреттер жиынтығы қойылады.