Астанада V Республикалық шахмат турнирі басталды

АСТАНА. 2 қараша. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін Астанада еліміздің белгілі шахматшысы, халықаралық гроссмейстер Дәрмен Сәдуақасовтың Кубогы үшін оқушылар арасында V Республикалық шахмат турнирі басталды. Аталмыш шараны Білім және ғылым министрлігінің "Дарын" республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы ұйымдастырып отыр.

Астанада V Республикалық шахмат турнирі басталды

Турнирдің салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан ҚР Шахмат федерациясының президенті, вице-премьер Әсет Исекешев Грекияда өткен шахматтан Әлем чемпионатында жеңімпаз атанған Динара Сәдуақасованы және осы халықаралық додада екінші орынға ие болған 10-жасар Жансая Әбдімәлікті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен ел Үкіметі атынан құттықтап, өзінің ізгі тілегін жеткізді.

Біз бәріміз білеміз, шахмат адамды жүйелі түрде ойлауға үйретеді. Осындай ойлау қабілеті бар жастар бізге, біздің экономикамызға ауадай қажет. Мен өзім жақында ғана құрылған Қазақстан Республикасы Шахмат федерациясының президенті ретінде Сіздерді осы шахмат ойынының біздің елімізде дамудың жаңаша сатысына шығатындығына сендіргім келеді. Біз шахматтың барлық білім беру нысандарында қолға алынуын қамтамасыз етіп, облыстық және республикалық сайыстарды өткізуді көздеп отырмыз. Біздің елімізде халықаралық додалардың өткізілуі де әбден мүмкін. Біз осы шахматтың парасатты экономикамыздың болашағын ашатын жас ұрпақты тәрбиелей алатындығына сенеміз», - деді Ә.Исекешев.

Биылғы турнирге Қазақстанның барлық аймақтарынан 18 топ және Ресейдің Сатка қаласынан «Вертикаль» атты жас шахматшылар тобы қатысуда. Олар 9, 13 және 17 жас санаттарына бөлініп, шахматтың швейцариялық жүйесі бойынша өзара сынға түсуде. Турнирге қатысып жатқан жас жеткіншектердің саны 170-тен асады.