Астанада велоспорттан Әлем чемпионаты өтуі мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанаға арнайы сапармен келген Халықаралық велосипедшілер одағының (UCI) президенті Давид Лаппартьен Астанада велоспорттан әлем чемпионатын ертең-ақ өткізуге болатынын мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне сілтеме жасап.

Астанада велоспорттан Әлем чемпионаты өтуі мүмкін

Қазақстанға келген Давид Лаппартьен ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен және Қазақстанның велосипед спорты федерациясының президенті Дархан Калетаевпен кездесті. Жүздесу барысында Халықаралық ұйымның қазақстандық тараппен байланысы, сондай-ақ әлем, соның ішінде Азия өңірінде велоспортты дамыту жоспарлары талқыланды.

Еске сала кетсек, Д авид Лаппартьен өткен айда ғана UCI басшысы болып сайланған болатын.  45 дауыстың 37-сін иеленген ол, сол уақыттағы UCI президенті Брайан Куксонның орнын басқан болатын. Давид Лаппартьен өз бағдарламасында ұлттық федерациялармен серіктестікті нығайтып, велоспорттың дамуына барынша күш салуға ниетті.



Кездесу барысында Давид Лаппартьен әлемдік спорт жөнінде жоспарларымен бөлісе отырып, Әлемдік турға, соның ішінде сайысты ұйымдастырушылар мен командалардың жетекшілеріне қатысты бірқатар реформалардың қажеттігін атап өтті. UCI жаңа президенті Азия өңірінде ғаламшар халқының басым бөлігі өмір сүріп жатқандықтан, UCI бұған ерекше назар аударатынын айтты. Сондай-ақ UCI мен Қазақстанның велосипед спорты федерациясының серіктестігі нығая түсетініне зор сенім білдірді.

«Қазақстан велоспорттан Азия құрлығындағы көшбасшы және әлем бойынша  көшбасшылардың бірі болып табылады. Қазақстан Әлемдік турға велокоманданы шығарған Азиядағы бірінші мемлекет. Велокоманда соңғы 10 жылда Гранд-турларда 8 мәрте жеңіске жетті. «Astana Pro Team» алдағы уақытта да Қазақстанды ғана емес, бүкіл әлемдегі жанкүйерлерін қуанта берсе екен деймін. Қазақстан жас мемлекет бола тұра, жылдар бойы қалыптасқан велоспорттың дәстүрін өзіне сіңіріп, тың өзгерістерді қабылдай білді», - дейді Давид Лаппартьен.

Сонымен бірге, Халықаралық велосипедшілер одағының президенті «Сарыарқа» велотрегіне  жоғары баға берді.

«UCI Қазақстанда халықаралық ауқымда сайыс өткізу жұмысына зор қызығушылық танытады. Сондай-ақ Қазақстан Еуропа мен Азияның арасындағы халықаралық конференциялар мен конгрестерді өткізуде таптырмас алаң бола алады. Мен қазақстандық велотректің ауқымына таңғалдым - ертең-ақ мұнда әлем чемпионатын өткізе беруге болады. Бүгінгі күні әлем чемпионатын алдағы 3 жылда өткізетін мемлекеттер белгілі болып қойғандықтан, UCI бұл сұраққа 2020 жылы қайта оралатын болады», - дейді ол.

Давид Лаппартьен сонымен қатар, жыл сайын өткізілетін «Тур Алматы» кәсіби велосайысына қатысты пікірін білдірді. 

«Тур Алматы - Орталық Азия аумағындағы бірегей велосайыс. UCI аталған жарыстың әлемдік күнтізбеде өзіндік орнын табуына қызығушылық білдіреді», - дейді Давид Лаппартьен.