Астанада веложолдар мен жағажай аймағы дамытылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада денешынықтыру-сауықтыру бағытындағы веложол мен жағажай аймағын дамытуға арналған серуендеу кестесі жасалды.
Елорданың инфрақұрылымын дамытуда экологиялық таза көліктерге арналған тұрақтар мен веложол мәселесі жиі көтеріледі. Қалада велосипед құлағына отыратындықтар күн санап артып келе жатқандықтан, оларға мейлінше жағдай жасау қажеттігі туындауда. Осыған орай, Сарыарқа көпірінен Тельман елді мекеніне дейінгі аралықта веложолмен серуендеу кестесі жасалды. Онда жағажай аймағын дамыту, веложолды денешынықтыру-сауықтыру ретінде қарастыру жоспарланған. Бұл туралы Астана қаласы әкімі аппаратының баспасөз қызметінен хабарлайды. «Онда біз көлікке арналған автотұрақ, жалға беру нүктесі, ШОБ арналған тауарлар мен қызметтердің барлығы қарастырылады. Жолдың ұзақтығы 22 шақырымды құрайды. Онда жол соңғы нүктеге дейін барып-келуге ыңғайланып төселеді. Оған қоса, веложол 8 бөлікке бөлінген. Әр бөлікке жоспар құрылған. Айталық, бірі Ильинка елді мекенінде салынады. Ескі қалада веложолды жағажай маңында төсейміз. Алайда оны қалада пайдалану үшін нормативтерге өзгерістер енгізу қажет. Жалпы мақсат - адамдардың назарын қоғамдық көлікке аудару. Ол үшін біз қазір БРТ (арнайы бөлінген жолақпен жүретін жедел автобустар) мәселесін қолға алудамыз, одан әрі жайлы жолмен көздеген жерге жылдам жетуге бағытталған ЖРК (жеңілрельсті көлік), су көлігі, экотакси, экоавтобустарды енгізетін боламыз», - дейді Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Виталий Силецкий.