Астанада ветеринариялық талапқа сай келмейтін ет сататын жүзден астам сауда нүктесі бар

АСТАНА. KAZINFORM – Елордалық прокуратура ветеринариялық заңнаманың сақталуына тексерулер жүргізді. Нәтижесінде бірқатар заң бұзушылықтар анықталды.

ет
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Нақтырақ айтар болсақ, еш бақылаусыз ет өткізетін субъектілердің жұмыс істейтіні анықталған. Етті талапқа сай тасымалдамау, қауіпті жұқпалы аурулар бойынша жоспарлы ветеринариялық іс-шараларды орындамау, сондай-ақ ішкі сауда объектілерінде орналасқан ветеринариялық зертханалардың өзінде заң бұзушылықтар бары белгілі болды. 

«Қала бойынша ветеринариялық-санитариялық бақылаудан өтпеген мал шаруашылығы өнімдерін сататын жүзден астам бақыланбайтын субъектілер жұмыс істейді», - делінген хабарламада.

Барлық зертханаларда ветеринариялық-санитариялық жағдайдың сақталмайтыны анықталған. Тіпті кейбір зертханалар ветеринариялық-санитариялық қорытындысыз қызметін жүзеге асырып отырған.  

Прокурорлық қадағалау актілері бойынша кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке, мемлекеттік кәсіпорынның лауазымды тұлғасы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.