Астанада VІІ Қысқы Азия ойындары Алау эстафетасының факелі, медальдары мен гүл шоқтарының таныстырылымы өтіп жатыр

СТАНА. Қазанның 22-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Осы сәттерде Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында VІІ Қысқы Азия ойындары Алау эстафетасының факелі (алау құтысы), медальдары мен гүл шоқтарының таныстырылымы өтіп жатыр.

Астанада VІІ Қысқы Азия ойындары Алау эстафетасының факелі, медальдары мен гүл шоқтарының таныстырылымы өтіп жатыр

Азиадаға дейін 100 күн қалғанда ойындардың ажырамас атрибуттарын көпшілікке таныстыру, ойындарға дайындық барысы мен жеткен жетістіктерді паш ету - олимпиада ойындарының дәстүрі болып табылады.

Алау құтысының дизайны біздің жыл санауымызға дейінгі ІІІ-І ғасырға жататын сақтардың жарықтандырғыш құралы негізінде жасалған. Оны айнала Азиада символы болып табылатын - қанатты барстардың мүсіндері бедерленген.

«Біздің факел Халықаралық Олимпиада қозғалысында болған алау құтыларынан қатты ерекшеленеді. Соңғы Азия ойындарында алау құтысын әзірлеушілер мен өндірушілер оның дизайны арқылы заманауи технологияларды көрсеткісі келді. Біз болсақ Қазақстанның аса бай тарихын, дәстүрі мен мәдениетін көрсетпекпіз. Бір мезгілде алау құтысы технологиялық жағынан да ұтымды жасалған. Оның жануына 40 градусты аяздар, нөсерлі жаңбырлар мен 20 м/с-тан асатын желдер кедергі болмайды», - деді 2011 жылғы VII қысқы Азия ойындары Алау эстафетасы дирекциясының басшысы Наиль Нұров.

Алау құтысының ішіне орнатылған газ баллоны 40 минутқа дейін үздіксіз жанып тұруға жетеді.

Н.Нұров атап көрсеткендей, VІІ Қысқы Азия ойындары Алау эстафетасы үшін барлығы 100 алау құтысы әзірленді. Оларды жасап шығарумен қытайлық компания айналысты. Оның біреуінің бағасы 1 мыңға жуық АҚШ долларын құрайды. Сол себепті алау құтысын әрбір алаугерге естелікке қалдыру мүмкін болмайды. Тек, эстафета өтетін әр өңірге бір-бір алау құтысынан сыйға тартылатын болады.

Ал Азия ойындарының жеңімпаздарына табыс етілетін гүл шоқтары Оңтүстік Қазақстанда өсетін қызғалдақ гүлдерінен жасалатын болады. Дәстүр бойынша жеңімпаз гүл шоқтарын көрермен залына лақтыруға тиіс болғандықтан, оларды дайындау кезінде қауіпсіздікке барынша назар аударылу тиіс. Бүгінгі кеш барысында гүл шоқтардың үлгі нұсқасы сол дәстүрмен залға лақтырылып, оны қағып алған адам VІІ Қысқы Азия ойындарының ашылу салтанатына құрметті қонақ ретінде қатысу мүмкіндігіне ие болады.

VІІ Қысқы Азия ойындары барысында 69 медаль сарапқа салынатыны белгілі. Медальдар Қазақстанның монета сарайында жасап шығарылды. Оларда ойындардың логотипі бейнеленген, ал жібек асқышында ұлттық нақыштар суреттелген.