Астанада вирустық гепатитпен ауырған 7500 науқас емделді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан гепатитке қарсы күрес бағдарламаларын орындауда Орталық Азия мен ТМД-да көш бастап тұр. Бұл туралы Астана қаласы Гепатология орталығының басшысы Күнсұлу Шамсивалиева айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астанада вирустық гепатитпен ауырған 7500 науқас емделді

«ДДСҰ Қазақстанды Орталық Азия мен ТМД-да гепатитке қарсы күрес бағдарламаларын орындауда көшбасшылардың бірі деп таниды. Елімізде вирустық гепатиттердің алдын алу жұмыстары кешенді түрде жүргізіледі. Астана қаласында 2023 жылдың жартыжылдығында созылмалы вирустық гепатиттер, бауыр циррозы, бауыр трансплантациясы ем-шараларынан өткен 7563 пациент есепте тұр. Оның ішінде 2012-2022 жылдары бауыр циррозы, вирустық гепатиттің созылмалы түрлері және бауыр трансплантациясынан кейінгі науқастар бар. 2012-2022 жылдар аралығында Астанада С гепатитімен ауыратын 5 мыңнан астам пациент, ересектер мен балалар емделген. В гепатиті бар 1 208 пациент ем-доммен қамтылды, оның ішінде 635 науқас биыл да емдеуді жалғастыруда», - деді Күнсұлу Шамсивалиева Астана Коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Спикердің айтуынша, қазіргі уақытта әлемдегі көптеген адамдар үшін С гепатитіне тестілеу және оны емдеу қолжетімді болмай отыр. Соның салдарынан, В гепатиті бар адамдардың 90%-ы және С гепатиті бар адамдардың 80%-ы бұл ауруды жұқтырғанын білмейді, өйткені ауру көбінесе созылмалы түрде жүреді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалау мәліметінше, әлемде шамамен 354 миллион адам В және С вирустық гепатитімен ауырады, соның ішінде жыл сайын 3 млн адам гепатиттің осы түріне шалдығып отырады.

ДДСҰ пікірінше, денсаулық сақтау секторының алға қойған жаһандық стратегиясы – вирустық гепатиттерді жою және денсаулық сақтау қызметтерін жалпыға бірдей қолжетімді ету. Бұл стратегия ең кең таралған гепатиттық вирустармен (A, B, C, D, E) сондай-ақ, қоғам қауіпсіздігі үшін аса маңызды В және С гепатитінің созылмалы түрлерімен күресуге бағытталған. В және С гепатиттерінің созылмалы түрлері емделмесе – цирроз бен бауыр қатерлі ісігінің дамуына әкеледі.

Спикердің айтуынша, А, Е ішек гепатиттерінің алдын алу үшін жеке гигиена ережелерін сақтау, салауатты өмір салтын ұстану, сапалы ауыз су мен тамақ өнімдерін тұтыну, елді мекендердің тазалығы мен абаттандырылуы, сондай-ақ халықтың санитарлық сауаттылығын қамтамасыз ету маңызды.

Ал В және С гепатиті вирустарының алдын алу үшін жеке гигиена ережелерін сақтау, медицина қызметкерлері тарапынан қолданылатын аспаптар мен құралдардың дезинфекциялауын қатаң бақылау, инъекциялық есірткі мен жыныстық қатынастан бас тарту қажет.