Астанада волонтер қариялар 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ұйымдастыру жұмысына атсалысты
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада волонтер ата-әжелер 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ұйымдастыру жұмыстарына атсалысып жүр. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты жазды.
Көшпенділер ойынына тартылған волонтерлер арасында Нұра ауданы бойынша БҰӨСО-ның 20-ға жуық ерікті ата-әжелер де бар.
«Күміс еріктілер» клубының әжелері елімізде өтіп жатқан тарихи оқиғаға белсене атсалып, «Ұлы дала дүбірі» көшпенділер ойынының қонақтарын қарсы алу жұмысын ұйымдастырған.
Ерікті ата-әжелер таңғы сағат 10-нан бастап белгіленген нысандарда ішкі тәртіп жұмыстарын жүргізді. Этноауылдағы көрермендер мен қала қонақтарына ойынның бағдарламасы мен нысандардың орналасуы бойынша анықтамалық көмектер көрсетіп, қоғамдық тәртіптің сақталуына өз үлестерін қосты.
Ерікті Ләззат Дүйсебайқызы бастаған «Күміс еріктілер» клубы Ресей мен Бразилиядан келген еріктілермен бірлесіп, 36 нысанның аумағында қызмет көрсетеді.