Астанада www.bolashak.kz порталының тұсаукесері өтті
А. Желтоқсанның 9-ы. ҚазАқпарат /Құралай Орынбекқызы/ - Бүгін «Бәйтерек» баспасөз орталығында ҚР Президентінің халықаралық стипендиясы «Болашақ» стипендиаттары қауымдастығының жаңа www.bolashak.kz ақпараттық-талдау порталының тұсаукесері өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бір жыл бұрын біздің қауымдастық жаңа сайт шығару жөнінде шешім қабылдаған болатын. Сайт бұған дейін сынақ режимінде жұмыс істеп, шын мәнісінде бір ай бұрын іске қосылды. Соңғы мәліметтер бойынша, ресейлік интернет аясындағы білім-ғылым саласында шамамен 2 мыңдай сайт рейтингке түскен. Ал біздің сайт солардың арасында 170-ші орында тұр. Сайт - шетелде оқитын, Қазақстанның әртүрлі аймақтарында тұратын жастардың бір-бірімен тілдесу құралы», - деді «Болашақ» қауымдастығы кеңесінің төрағасы Бауыржан Бәйбек.
Б.Бәйбектің айтуынша, «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алып, биыл елімізге 800 адам оралды. «Олардың біразы мемлекеттік қызметке келетін болса, біразы ұлттық компанияларда қызмет етпек. Қазір қауымдастықтың 300-ден астам мүшесі бар. Ал сайтының 163, форумының 129 тұрақты пайдаланушысы тіркелген. Бағдарламаның мәртебесі Елбасының ғана емес, болашақтықтардың өздерінің нақты іс-әрекетінің арқасында көтерілуде. Біздің міндетіміз - болашақтықтардың немесе, осы бағдарламаның атын шығару емес, түрлі салаларда нақты іс-әрекет ету болып табылады», - деді ол.