Астанада Яссауи Ағытаевтың жеке көрмесі өтіп жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астанада ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, көптеген халықаралық және республикалық көрмелердің қатысушысы Яссауи Ағытаевтың жеке көрмесі өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ұлттық музейден мәлім еткендей, «Дәстүрге толы өмір» атты көрме 28 тамызға дейін жалғасады.
Шараның ашылуына қатысқан Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Данияр Алиев Яссауи Ағытаев қазақтың салт-дәстүрін, мәдениетін қылқалам арқылы дәріптеп, еліне аянбай еңбек етіп келе жатқанын атап өтті.

Көрмеге Я.Ағытаевтың 70-тен астам жұмысы қойылған. Суретшінің картиналарында халқымыздың салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа толы өмірі бейнеленген. Шебер ықылым заманнан бүгінге дейін жеткен рухани байлығымызды түстердің бай палитрасы арқылы жеткізіп, қоғамның мәдени сипаты мен құндылықтары туралы түсінік береді. Көрме халық өмірінің энциклопедиясына иллюстрация бола алады. Адам өмірінде болып жатқан барлық маңызды құбылыстар, мерекелер мен қиын кезеңдер Яссауи Ағытавтың шығармашылығында көрініс тапқан.



