Астанада «Ықпалдасу үдерістері аясындағы Қазақстанның ұлысаралық саясаты» тақырыбында семинар өтеді
АСТАНА. 16 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Көрме» кешенінде этномәдени бірлестіктердің өкілдері үшін «Ықпалдасу үдерістері аясындағы Қазақстанның ұлысаралық саясаты» семинарын өткізеді.
Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Семинар мақсаты - біріктіру негіздерін, қоғамды топтастыру және ұлттық татулықты нығайту тетіктерін жетілдіру мен дамыту, қатерлі және тәуекелді жағдайларда этносаралық үдерістерді басқару бойынша тыңдаушылардың кәсіби біліктілігінің деңгейін көтеру болып табылады.
Шараға ҚР Парламентінің депутаттары, мемлекеттік мекемелер өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени, жастар және өзге де қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері, ЖОО, БАҚ өкілдері қатысады деп күтілуде.
Семинар аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесі жанынан құрылған Халықаралық медиация орталығының таныстырылымы және мемлекеттік тілді жеделдетіп оқытудың «Тілдарын» бірегей әдістемесі бойынша тілдік тренинг өтеді.
Шара нәтижесінде тыңдаушылар этносаралық үдерістерді басқарудың заманауи тәсілдерін меңгереді, азаматтардың толерантты мәдениетін қалыптастырудың әдістері жайлы құнды деректерді біледі деп күтілуде.